Қоғам

Теміржол бойындағы қауіпсіздікке мән беріңіз

Теміржол вокзалы маңында сауысқандай сақ болу қажет. Белгілі бір тәртіпті де ұмытпаған абзал. Асыққан немесе ережеге аса мән бермейтін кейбір жандар шойын жолдың арғы бетіне рұқсат етілмеген жерден де өтіп жатады. Бұған қатаң тыйым салынған. Тұлға әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Айыппұл жайдан-жай салынбайды. Адам ереже бұзу арқылы бірінші кезекте өзінің өміріне қауіп төндіреді. Сандарды сөйлетейік. Биыл 1 жерлесіміз пойыздың астында қалыпты. Ал өткен жылы 2 теріскейлік ажал құшқан. Осыған байланысты желілік полицейлер қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұрайды.

ДУЛАТ ДІРКЕНОВ, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы:

— Теміржол маңы ойын алаңы емес. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеу адам өміріне қауіп төндіретінін білу қажет. Жолды тек арнайы белгіленген өткелдер арқылы кесіп өтіңіз. Алдымен жан-жағыңызды бақылап, пойыздың жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Бұл сәтте құлаққап пен телефон қолданудан аулақ болыңыз.

Қазір сала өкілдері профилактикалық іс-шараларға басымдық берген. Олар “Заң мен тәртіп” қағидасы аясында тұрғындарға әртүрлі бағытта түсіндіру шараларын жүргізуде. Үлкен де, кіші де қамтылады. Заңдылықты қамтамасыз ету – ортақ міндет.

ДУЛАТ ДІРКЕНОВ, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы:

— Заң мен тәртіп – бұл жай ғана сөз емес. Бұл – әрбір азаматтың қауіпсіздігі, ертеңгі күнге деген сенім, әділетті және берік қоғамның негізі. Көлік нысандарында, әсіресе теміржол мен әуежайларда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жоғары кәсібилікті, жауапкершілікті және үздіксіз назарды талап етеді.

Ескерер жайт, теміржол вокзалы және әуежай аумағында арнайы қауіпсіздік таңбалары қойылған. Желілік полицейлер адамдарды сол белгілерге назар аударуға және балаларды ерекше бақылауда ұстауға шақырады.

 

Мәдина Қаби