Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын кезекті мәрте заңсыз әрекеттерден қорғады. Мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарын өрескел бұзған.
Аққайың, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласы мемлекеттік кірістер басқармаларының лауазымды тұлғалары кодекс талаптарын бұза отырып, прокурордың келісімінсіз өңірлік пулға кіретін инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 17 іс қозғаған. Жамбыл, Мамлют, Тайынша және М.Жұмабаев аудандарында тиісті өкілеттіктері жоқ мемлекеттік кірістер органдарының мамандары кәсіпкерлерге қатысты 30 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған, ал кодекстің талаптарына сәйкес аталған істерді қарау және жаза қолдану тек мемлекеттік кірістер органдарының басшыларына, олардың орынбасарларына не осыған тиісті бұйрықпен уәкілеттік берілген өзге де лауазымды тұлғаларға ғана беріледі.
Сонымен қатар, Ғ. Мүсірепов ауданында мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары ескіру мерзімі өткеннен кейін кәсіпкерді жауапқа тарту туралы заңсыз қаулы шығарды. Қадағалаушы орган өкілдерінің араласуынан кейін заңсыз әрекеттер жойылды. Прокуратура органдары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырады.