Петропавлда күштік құрылымдар арасында шағын футболдан дәстүрлі жарыс ұйымдастырылды. Қазір жасыл алаңда Айыртау ауданы полиция бөлімінің мамандары мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ойнауда. Ойын тартысты басталды. Есепті ведомство өкілдері ашты. Бірақ, басымдық ұзақ сақталмады. Ұрымтал сәттердің бірінде қонақтар таразы басын теңестірді. Біраздан соң айыртаулықтар алға шықты. Бұдан кейін департамент өкілдері қанша тырысса да, қақпадан саңылау таба алмады. Ал қарымта шабуылдардың бірінде қонақтар есепті 1 де 3 жеткізді.
НҰРБОЛ ЖӘКЕНОВ, Айыртау ауданы полиция бөлімі командасының капитаны:
— Жаңа ғана полиция департаменті командасымен ақтық сынға шығу үшін ойнадық. Ақтық сынға жолдама алдық. Финалда Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті командасымен ойнаймыз.
Демек, айыртаулық немесе Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдерінен құралған команданың бірі жеңіске жетіп, жеңімпаз кубогын көкке көтереді. Ал үшінші орын полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасы қызметкерлері арасында сарапқа салынды.
ГАЛИНА СКОРЫХ, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы СҚОФ бас маманы:
— Бәсі биік додада Ұлттық ұлан академиясының, 6637 әскери бөлімінің, облыстық полиция департаментінің, қалалық полиция басқармасының және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері сынға түсуде. Қатысушы команданың жалпы саны – 12. Кеше ұжымдар өзара ойнап, үздік 8 топ келесі кезеңге өтті. Оның ішінде 4 аудандық құрам бар. Олар: Айыртау, Тайынша, Есіл және М. Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің тәртіп сақшылары. Жарыстың деңгейі жылдан-жылға артып келеді.
Былтыр бұл додада облыстық полиция дапартаментінің командасы жеңіске жетіпті. Қоса кетейік, шағын футболдан сайыс күштік құрылымдар арасындағы жазғы спартакиада аясында өтіп жатыр. Алдағы уақытта бозкілем шеберлері бақ сынайды. Петропавлда самбодан жарыс ұйымдастыру жоспарланған.
Мәдина Қаби