Леген-шаралар, шелектер мен киім ілгіштер. Осы және өзге заттар қаламыздағы “Радуга” серіктестігінде жасалатыны белгілі. Бүгінде мұнда 900-ге жуық адам жұмыс істейді. Еңбек етем деген тұрғындар үшін қызметтің түр-түрі бар. Ерлер де, нәзікжандылар да екі қолға бір күрек табады. Екатерина Пяткова – 3-разрядтағы пластмасса құюшы маман. Ол бұл салада 2 жылдан аса тер төгіп жүр.
ЕКАТЕРИНА ПЯТКОВА, 3-разрядтағы пластмасса құюшы маман:
— Мен колледж қабырғасында оқып жүргенімде өндірістік тәжірибеден өту үшін бірнеше серіктестікке бардым. Өзіме осы жерде ұнады. Мұнда студенттер үшін айлық төленді. Оқуды аяқтай сала көңілімнен шыққан кәсіпорынға жұмысқа тұрдым. Жаңа орта, жаңа міндет. Үйренісіп кеттім. Қазір табысым жақсы. Өзім “өндірісте тек ер адамдар жұмыс істейді” деген қағидаға қарсымын. Көп дүние әйелдердің де қолынан келеді.
19 жастағы Екатеринаның жұмысы таңғы 9-да басталады. Ол күніне 300-ге жуық шелек шығару қажет. Бұл жердегі басты талап – мұқияттылық, жауапкершілік және сақтық.
ЕКАТЕРИНА ПЯТКОВА, 3-разрядтағы пластмасса құюшы маман:
— Біздің істе өнімнің қалпына, яғни формасына баса мән беріледі. Қауіпсіздікті де естен шығармау қажет. Кей кезде ыстық пластмассаға қолымызды күйдіріп жатамыз. Мұндай сәтте қолғап киген абзал. Өткір пышақ, тескіш құралмен де жұмыс істейміз. Одан қалды, заманауи аппараттар қателкті кешірмейді. Жұмыстың әр кезеңінде мұқият болған жөн. Өзім барлығына үйреніп алдым.
3-разрядтағы пластмасса құюшы маман мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Ару саланың жілігін шағып, майын ішетін білікті қызметкер атануды мақсат санап отыр. Ол үшін білім алу қажет. Болашақта талапты жерлесіміз жоғары оқу орнына түспек ниетте.
Ақтолқын Солтанханқызы