Қоғам

Петропавлдықтар қысқа көмірмен қамдануда

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Біз қазір қаладағы көмір сату қоймаларының бірінде тұрмыз. “Үміт Trade” серіктестігіне тиесілі теміржол тұйығына күні кеше ғана 3 вагон көмір әкелінген. Шамамен 200 тоннаны құрайды. Әзірге, ұзын-сонар кезек байқалмайды. Мамандардың сөзінше, қара отынға сұраныс қыркүйек-қазан айларында артады.

Теміржол тұйығына тек “Шұбаркөл” маркалы көмір жеткізіледі. Тоннасы 21 мың 500 теңге тұрады. Баға өткен жылға қарағанда 2 мың теңгеге жоғары.

МҰРАТХАН ТҰРМҰХАМБЕТОВ, “Үміт Trade” ЖШС менеджері:

— Шілде айында қоймаға 4 мың тонна көмір әкелінді. Тамыз айында – 6 мың, ал қыркүйекте 7 мың тонна қара отын жеткізіледі. Қазіргі таңда күніне 200-300 тонна ғана көмір сатылып жатыр.

Қара отын сатушы мен сатып алушы арасында қатынайтын жүк көліктеріне кезек-кезекпен тиелуде. Ешқандай қарбалас жоқ. Теміржол тұйығына келген жандар көмірді өздеріне қажетті көлемде алып жатыр.

САҒЫНДЫҚ ҚАЖЫМҰРАТОВ, қала тұрғыны:

— Бүгін 3,5 тонна көмір сатып алдым. Соңғы 5 жылда тек “Шұбаркөл” көмірін жағамын. Себебі, қара отынның бұл түрі қызулы келеді. Жыл сайын қысқа ерте қамданғанды жөн көремін. Күзде бірнеше сағат бойы кезекте тұрғым келмейді.

Иә, күзде кезек туындауы мүмкін. Алты айлық қысқа қамдануға асықпаған жандар теміржол тұйықтарына жаппай ағылса, қарбалас орын алады. Көмір уақытша жетпеуі де мүмкін. Ал қазір Петропавлға күн сайын вагон-вагон қара отын жеткізілуде. Өңірдегі ахуал жайлы облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасынан сұраттық. Көмірдің өңірге қажетті көлемі 620 мың тоннаны құрайды. Бүгінде 115 мың тонна дайындалды. Бұл – жалпы көлемнің 28 пайызы. Қазіргі таңда бюджеттік мекемелерге 87 мың тонна қара отын жеткізілді. Олар: мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар.

Қазіргі таңда тұйықтарда 42 мың тонна көмір қоры бар. Солтүстікқазақстандықтардың құлағына алтын сырға! Биыл қара отынның бағасы 13 пен 25 мың теңгенің аралығында болады. Бейінді басқарма тұрғындарды жауапты кезеңге ерте қамдануға шақырады. Қазан-қарашаны күткенше, қысқа қазірден дайын отырған артық.

 

Нұрасыл Ахмет