Петропавлда суағарлар күл-қоқыстан тазартылып жатыр. Бұл – жылда қолға алынатын іс. Іске білек сыбана кіріскен мамандардың бір тобы Қазақстан Конституциясы мен Парк көшелерінің бойында жүр. Аталған аумаққа 10-ға жуық адам мен 3 техника жұмылдырылған.
САЯН СЕКСЕНОВ, жұмысшы:
— Біз таңнан кешке дейін жұмыс істейміз. Өзім бұл салада 3 жылдан аса еңбек етемін. Осы сәтті пайдалана отырып, қала тұрғындарына үндеу жасағым келеді. Петропавлдықтардан қоқыс қалдықтарын, бөтелкелер мен пакеттерді суағарларға тастамауды сұраймын. Бұлар су жолдарын бітейді. Салдарынан жаңбыр суы көшелерге жайылып кетеді.
Суағарларды қоқыстан тазарту жұмыстарды “Ойқала” мен “Жұмысшы” кентінде де жүргізіліп жатыр. Жауапты мамандар маңызды істі маусым айында бастаған. Олардың күнделікті жұмысында бір учаскеге бірнеше рет келу жайты орын алған. Бұл – петропавлдықтар мен қала қонақтарының айналаға немқұрайлы қарайтындығының айқын белгісі. Суағарлардың екі түрі бар: ашық және жабық. Ашықты жұмысшылар қолмен тазаласа, жабықты арнайы техникамен тазалайды.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Қазір қала бойынша суағарларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалада 235 шақырым суағар бар. Оның 116 км ашық түрде болса, 119 шақырым – жабық. Жұмысқа 23 бірлік техника мен 80-нен астам маман жұмылдырылған.
Қазіргі күні шаһардағы суағарлардың 60 пайызы тазаланған. Маңызды жұмысты қыркүйек айына дейн аяқтау жоспарланып отыр.
Ақтолқын Солтанханқызы