“Қызылжар су” серіктестігінде кезекті қоғамдық тыңдалым өтті. Жиын барысында кәсіпорынның бас директоры Жеңіс Сұлтанов баяндама жасап, жарты жылдың ішінде атқарылған жұмысты қорытындалады. Биыл жалпы ұзындығы 3,3 шақырым болатын желілерге күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Маңызды іске 263 млн теңге көлемінде қаржы бағытталыпты. Бүгінде 1,2 шақырымдағы шаруа аяқталды. Ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстың бірі – бірінші көтерілімдегі сорғы станциясының жаңғыртылуы. Станция былтыр тасқынның астында қалған еді.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:
— Осы жылы сорғы станциясын көтердік. 2024 жылы үлкен тасқын болып, судың астында қалғаны мәлім. Бүгінгі күні әкімшіліктің, Үкіметтік көмегімен 2 млрд теңге бөлініп, жұмыс атқарылды.
Қоғамдық тыңдалым барысында журналистер белсенділік танытты. Тілшілерді тіршілік көзіне қатысты тарифтің өзгеруі қызықтырады. Жеңіс Сұлтановтың айтуынша, судың бағасы өзгермейді. Адамдар тұтыну көлеміне байланысты төлем жасауды жалғастырады.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:
— 3 текше метрге дейін су тұтынатындар – 94,33 теңге, ал 3 пен 5 текше метр аралығындағылар 135 теңге төлейді.
700-ден астам адам еңбек ететін “Қызылжар су” серіктестігі қазір маман тапшылығын сезініп отыр. Кәсіпорынға жүргізуші, құбыр жөндеуші сынды қызметкерлер қажет. Жазда жағдай аса күрделі емес. Қыста ахуал күрделенеді. Адамдар суыққа шыдамай жұмыстан шығу жөнінде өтініш жазатын көрінеді.
Мәдина Қаби