СҚО әкімдігіҚоғам

Олжас Бектенов: “Тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет”

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі шенеуніктерге 2030 жылға дейін 3,3 млн қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамту жөнінде тапсырма бергені мәлім. Оның 70 пайызы жастар болуы тиіс. Бұл бұйрықты кешенді түрде орындау мақсатында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Халықты екі қолға бір күрекпен қамту мәселесін шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Олжас Абайұлының сөзінше, экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіптер жойылып, жаңалары пайда болуда.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:

— Мемлекет басшысы жариялаған “Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында еңбек адамының статусын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Бүгінде елімізде логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салаларда цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жалпы, кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режимінде толық әрі жүйелі мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе жасау қажет. Жаңашылдық елімізде іске асырылып жатқан жобалар туралы ақпаратты, оның ішінде біліктілік деңгейін, еңбек жағдайларын, жалақы мөлшерін және басқа да деректерді қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Бастаманы жүзеге асыру үшін Премьер-министр жауапты министрлік пен облыс әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.

Ақтолқын Солтанханқызы, Нұрасыл Ахмет