Петропавлда “AMANAT” партиясының “Құқықтық көмек” жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Облыстық мәслихат депутаттары және заңгерлермен жүздесуге 12 адам ниет білдірді. Солардың бірі – Татьяна Делль. Нәзікжандының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоры бар. Ол ұйымға тіркелген балаларды шекара сыртында өтетін жарысқа жібергісі келеді.
ТАТЬЯНА ДЕЛЛЬ, “Солнечный дом” қайырымдылық қорының құрылтайшысы:
— Жақында Түркияда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисі мен жеңіл атлетикадан жарыс өтеді. Сайысқа қатысуға теріскейлік ұл-қыздар да өтініш білдірді. Алайда, қаржы жағынан қиыншылықтар туындап тұр. Жомарт жандардың көмегімен бүгінде 2 млн тенге жинадық. Әлі 900 мың теңге қажет. Осы мәселені шешу үшін “AMANAT” партиясы өкілдерінен қолдау сұрап келіп отырмын.
Партия өкілдері нәзікжандының өтінішін мұқият тыңдады. Жақында жомарт кәсіпкерлерге хабарласып, мәселені шешуге бар күштерін салатындарын жеткізді. Шарада бұдан өзге де мәселелер көтерілді, әр түйткіл тараптардың қызу талқысына түсті. “Құқықтық көмек” партиялық жобасы тұрақты комиссиясының мүшесі Қанат Айтбаев бүгін тұрғындармен алғаш рет қауышып отыр. Ол 32 жыл полиция қатарында қызмет етті. Білімі – заңгер. Тәжірибелі азамат халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға септесетіні сөзсіз.
ҚАНАТ АЙТБАЕВ, “Құқықтық көмек” партиялық жобасы тұрақты комиссиясының мүшесі:
— 2024 жылы еңбек демалысына шықтым. Бір жарым жылдан кейін “AMANAT” партиясы өздеріне шақырды. Ұсыныстарын қабыл алдым. Алда жоспар көп. Оларды жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын.
“Құқықтық көмек” партиялық жобасы 2023 жылы қолға алынды. 2 жылдың ішінде бастауыш ұйым өкілдері 200-ден астам қабылдау өткізіп, бірқатар мәселені шешуге ат салысқан. Аманаттықтардың сөзінше, адамдар көбінесе тұрғын үй мәселесі бойынша көмекке жүгінеді.
ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, “AMANAT” партиясы CҚОФ қоғамдық қабылдау комиссиясының төрағасы:
— Биыл “Құқықтық көмек” жобасы аясында 36 қабылдау өткіздік. Нәтижесінде 200-ден астам адамға көмек көрсеттік. Бізге жүгінген бірде-бір жанның өтінішін жерде қалдырмадық. Қабылдау өткізбес бұрын әлеуметтік желілерде ақпарат таратамыз, жұртшылыққа хабарлаймыз. Бұл филиалға халықтың көп келуі үшін жасалған амал болып табылады.
“AMANAT” партиясының “Құқықтық көмек” жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау алдағы тамыз айында өтеді. Көкейдегі мәселе көтеріліп, бүкпесіз қаралатын жиын жайлы қосымша ақпарат әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланады.
Нұрасыл Ахмет