Санаулы күндерден кейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы басталады. Ол 2 кезеңде жүргізіледі: тамыздың 1-і мен 31-і аралығында онлайн сауалнама және 20-шы қыркүйектен 20-шы қазанға дейін офлайн сауалнама. Соңғысы жеке шолу, танысу форматында өтеді.
МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
— Онлайн сауалнама арнайы платформада өтеді. Sanaq.gov.kz. сайты танысу үшін іске қосылды. Оған заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ өсімдік, мал және балық өсірумен айналысатын үй шаруашылықтары қатысуға міндетті.
Егер түсінбеген тұстар болса жерлестеріміз жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелеріне бару қажет. Оларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылған. Әр тұрғын мамандардың көмегімен санақтан онлайн режимде өте алады. Тағы да сандарға кезек береміз. Ағымдағы жылдың 1-ші шілдесіндегі жағдай бойынша 6285 ауыл шаруашылығы құрылымы онлайн-сауалнамаға жатады. Оның 1545 заңды тұлға болса, қалған 4740 – шаруа.
МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
— Интервьюерлерге арналған атрибутика (логотипі бар жилеттер, бейсбол қалпақшалары), бейджиктер, портфельдер, планшеттер, кеңсе тауарлары сатып алынды. 36 нұсқаушы жұмысқа орналастырылды және оқытылды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы санағын өткізуге қатысу үшін интервьюерлердің персоналын іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Қызметкерлердің осы санаты үшін 185 мың теңге мөлшерінде жалақы көзделген.
Сонымен қатар, 16 шілдеден бастап аудандарда ауыл шаруашылығы санағын өткізу және құзыреттілігін арттыру мақсатында заңды тұлғалардың, шаруа және фермерлік құрылымдар басшыларының қатысуымен оқыту бойынша семинарлар өткізілуде. Ал 193 ауылда алдағы санақ іс-шараларына дайындық аясында қызмет көрсету аймақтарының мамандарымен оқыту жиындары ұйымдастырылған.
Ақтолқын Солтанханқызы