Балалар

Балалар батырлардың сауыт-сайманымен танысты

Петропавлдық оқушылар үшін ерекше танымдық шара ұйымдастырылды. Мектептен тыс жұмыс бойынша қалалық балалар-жасөспірімдер орталығы “Ертедегі батырлар” атты тарихи сабақ өткізді. Қылыш, дулыға, сауыт, қалқан және балта. Үстелге қойылғанның барлығын кезінде ел қорғаған жауынгерлер пайдаланған. Сауыт-сайманның бірнеше түрі бар. Олар өте берік. Ұшқан жебеге, бағытталған қылышқа тойтарыс береді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

— Бұл – еуропалық үлгідегі бас киім. Кезінде батыстағы жауынгерлер осындай бас киіммен шабуыл жасаған, өз аумақтарын қорғаған. Өте берік көрінеді. Қазір тексеріп көреміз. Қылышпен бірнеше соққы жасалды. Мынаның ішінде соққы мүлде сезілмеді.

Танымдық шараға Петропавлдың бірнеше мектебіндегі балалар-жасөспірімдер клубының өкілдері қатысты. Оларға жан-жақты ақпарат ұсынылды.

ҚАЙРАТ ЕСМАҒАНБЕТ, Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектептің ұйымдастырушы-ұстазы:

— Бізде “Жалын” деген жасөспірімдер клубы бар. Бүгін қонақ ретінде келіп тұрмыз. Балаларға ұнайды. Сауыт-сайман жайлы біраз ақпарат айтылды.

Бұл маңда аға буын өкілдері де төбе көрсетті. Олар ұл-қыздарын, немере-жиендерін ерте келіпті.

МҰРАТБЕК ТӘЛІПОВ, қала тұрғыны:

— Немере-жиендеріммен келіп тұрмын. Мұндай дүниелерді жастарға көрсеру қажет.

Шара барысында балалар сауыт-сайманды ұстап көрді. Дулығаны, болат қолғапты киіп, өздерін бір сәт батыр сезінді. “Ертедегі батырлар” тарихи сабағы соңында қатысушы ұл-қыздар садақ атты.

 

Байболат Құлтанов