Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жыл артқан сайын халқымыз ойшылдың рухани дүниесіне терең бойлап, жаңа қырларын ашуда. Ұлы тұлғаның ұлы жолы талай асылдың табаны тиген теріскейде де кеңінен дәріптеліп жатыр. Петропавлда біртуар перзенттің 180 жылдығына орай кезекті жиын өтті. “Абай тағылымы” атты шараны “Қазақ аналары – дәстүрге жол” РҚБ облыстық филиалы ұйымдастырды. Жиынға Астанадан арнайы келген меймандар қатысты. Ұйым төрайымының бас кеңесшісі Зәмзагүл Мұқанова өткен мен бүгінді байланыстырып жүрген теріскейлік ақжаулықты жандардың жұмысын жоғары бағалады.
ЗӘМЗАГҮЛ МҰҚАНОВА, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” РҚБ төрайымының бас кеңесшісі:
— Солтүстікқазақстандық ақжаулықты аналар жастармен ұдайы қарым-қатынаста болғанын қалаймын. Осындай іс-шараларды көптеп өткізу арқылы ұл-қыздар өздеріне қажетті мол мағлұмат алады.
Абайдың 45 қара сөзі – тәрбие құралы, тұнып тұрған философия. Егер бала бесіктен белі шықпай жатып ұлы ойшылдың шығармаларын оқыса, ғылым мен білімге, тазалық пен адамгершілікке жақын болады. Ұйымдастырушылар осыны алға тартты. Шарада Абай мұрасы ғана дәріптелген жоқ. Ақылшы әжелер басқосуға келген қыздарға орамал, кимешек, сәукеленің шығу тарихы мен маңызы жайлы айтып берді.
Облыстық “Қазақ аналары – дәстүрге жол” ұйымы осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Құрамында 40-қа жуық ақжаулықты әже бар. Қуантарлығы, қатарлары ай сайын толығып жатыр.
АЛМА СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” РҚБ СҚОФ төрайымы:
— Ұйымның басты мақсаты – жастарға ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүр жайлы айтып, оларды қайта жандандыру. Біз ар-ұятты, сөзіне берік, адал өскелең ұрпақты тәрбиелегіміз келеді.
Абай мұрасы мен қазақи тәрбие жайлы кеңінен айтылған шараға 30-ға жуық жас қатысты. Болашақта бесік тербетер қыздар мен шаңыраққа ие болар ұлдар көпті көрген жандардың ақыл-кеңесін ұйып тыңдады.
Нұрасыл Ахмет