Любовь Долгушина – қайтарымсыз грант алып, кәсіптен нәсіп тауып отырған петропавлдық. Оның 18 жастағы кембағал қызы бар. Нәзікжанды қызының күтіміне байланысты бірнеше жыл үйде отырыпты. Ал қазір өз ісімен айналысады. Медбике мамандығын меңгерген азаматша ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында қайтарымсыз грант жайлы естиді. 3 баланың анасы қуана-қуана бір айлық курстан өтіп, арнайы аппаратпен массаж жасайтын бөлмені ашқан. Қазір күніне 10 шақты адамды қабылдайды, қызына да ем-домды өзі жасайды.
ЛЮБОВЬ ДОЛГУШИНА, қайтарымсыз грант иегері:
— Мен “Бастау бизнес” жобасы аясында 1 айлық онлайн курстан өттім. Тегін оқыдым. Кейін грант алу үшін enbek.kz порталы арқылы өтініш білдірдім. Біраз уақыттан кейін 1 млн теңгенің шамасында қайтарымсыз қаржы берілетіндігі жайлы хабар келді. Оған 2 түрлі аппарат сатып алдым. Осыдан бірсыпыра уақыт бұрын медбике мамандығын меңгерген едім, қызмет көрсету саласында азды-көпті хабарым бар. Бұнымен шектеліп қалмаймын, алдағы уақытта Мәскеуге барып, біліктілігімді арттырғым келеді. Болашақта қарамағыма адам алсам деймін.
Қайтарымсыз грант жайлы толығырақ айтайық. Мұндай қолдауға кембағал адамды бағып отырған тұлға, көпбалалы отбасы, асыраушысы жоқ азамат, қоныс аударушы, қандас, мүгедектігі бар адамдар және аз қамтылған жандар ғана өтініш бере алады. Талап қатаң. Мемлекет ұсынған ақшаға кәсібіне қажет дүние сатып алынуы тиіс.
МАХАББАТ ӘЛНӘЗІРОВА, «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы:
— Бұл бағдарлама жайлы үнемі хабарлап отырамыз. Егер адамдар толығырақ білгісі келсе, біздің мамандардан кеңес ала алады. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 11 адам “Бастау бизнес” жобасы арқылы оқып, грант ұтып алды. Қазір олардың барлығы кәсібін домалатып отыр.
Кәсіппен айналысу үшін ең бастысы ниет қажет. Адам алға ұмтылса, мемлекет қолдауы дайын. Еңбек мобильділігі орталығы халықты белсенді болуға шақырады.
Мәдина Қаби