Өңірде кезекті мәрте “Мектепке жол” жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Дәстүрлі шара – аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жоба. Жомарттық пен мейірім үйлесім табатын игі бастама Қазақстанда 2019 жылы қолға алынды. Биыл «Жақсылықты жаса» ұранымен өткізілмек. Облыста тұрақты негізде жәрдем беретін ұйымдар бар. Былтыр облыста қолы ашық кәсіпкерлердің демеуімен 13 мыңнан астам балаға көмек көрсетілген. Бөлінген қаржының жалпы көлемі 480 млн теңгені құрады. Бүгінде білім басқармасы қолдауға мұқтаж балалардың жаңа тізімін жасаған. Ағымдағы жылы теріскейлік әр оқушыға 46 228 теңге мөлшерінде көмек беру жоспарланып отыр.