Айыртау ауданында елді елең еткізерлік, тарихи маңызы бар оқиға орын алды. Бір ғасырда бір туатын тұлға атақты Ақан сері Қорамсаұлының Қамсақты ауылы маңындағы мазары қайта жаңғыртылды. Бұл игі әрі сауапты іске облысымыздың бетке ұстар кәсіпкері Біржан Шаймерденов демеушілік жасаған.
Біржан Әбділманұлы Ақан серінің ұрпағы саналады. Ел ағасы міндеттің бірін орындап отыр. Тарихи нысан осыдан 4 ай бұрын мүлде басқа күйде болған. Мазарға апарар жол толықтай абаттандырылған. Тіпті, зираттың алдына әйгілі әнші-сазгердің қолынан түспеген домбыра бейнесіндегі монумент тұрғызылған. Шара барысында Ақан серінің рухына құран бағышталды.
Мазар 1988 жылы бой көтерген. Содан бері мүлдем жөндеу көрмепті. Біржан Шаймерденов нар тұлғаның әкесі Қорамса мен анасы Жаңылды да ұмыт қалдырмады. Олар үшін Ақан сері өскен ауылда зәулім монумент соқтырды. Мұнда атақты композиторға арналған шара өтті. Аумаққа бірнеше шатыр мен киіз үй тігілді. Көл-көсір дастархан жайылды.
Шара барысында ән мен күйден шашу шашылды. Талай жылдар бойы Ақанды зерттеген зиялы қауым өкілдері де сөз алды.
ГҮЛДӘРИЯ РАЙЫМБЕКОВА, философия ғылымдарының кандидаты:
— Ақан сері кішкентайынан тазалықты жаны сүйген. Әркез шындықты бетке айтқан. Сондықтан да жаулары көп болған. Нар тұлға 1843 жылы Айыртау ауданындағы Қоскөл көлінің маңында туған. Оның көп өлеңі өзінің туып-өскен өлкесіне арналған.
Шараға ақынның өмірбаянын ондаған жылдар бойы зерттеген белгілі тарихшы Саят Баймұратұлы Астанадан арнайы келген. Ол Ақанды толық зерттеу үшін ең алдымен шежіресін қарастыру керектігін айтады
САЯТ БАЙМҰРАТҰЛЫ, тарихшы:
— Ақан сері әлі толықтай зерттелмеген. Нағашы жұрты жайлы мүлдем ақпар жоқ деп айтсам болады. Құлагерді нағашы жұрты берген, Көбейдің жылқысы деп айтып жатады.
Шара Ақан серінің аты берілген облыстық филармония әртістерінің концертімен жалғасын тапты.
Нұрасыл Ахмет