Петропавлда жазғы биатлоннан жасөспірімдер арасында ел Кубогының кезекті кезеңі өтуде. Шашасына шаң жұқпас әрі құралайды көзге атқан жас мергендердің жарысына Қазақстанның 8 облысынан спортшылар жиылды. Қатысушылардың саны 150-ге жуықтайды. Дәстүрлі доданың ашылу салтанатында ұл-қыздарға спорт ардагері Бауыржан Құлжанов сәттілік тіледі.
БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, спорт ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы:
— Жарыстар дәстүрлі түрде өтеді. Бұған біз қуанамыз. Спортшылардың саны артуда. Сіздерге сәттілік тілеймін!
Өкінішке қарай, Қазақстаннан әлемге әйгілі биатлоншы шықпай тұрғаны жасырын емес. Бұл олқылықты жоятын күн жетті. Қазір елімізде мықты спортшы атануға мүмкіндік жетерлік. Үздіктер шекара сыртында және ел аумағында шеберлік шыңдай алады.
МАНАС ҮСЕНОВ, Қазақстан биатлоншылар Одағының Бас хатшысы, Астана қаласы:
— Жобамыздың 5-ші кезеңі жыл сайын Петропавлда өтеді. Балалар спортын, балалар биатлонын дамытуға күш салып жатырмыз. Үздіктерді Норвегияға жібереміз. Онда халықаралық жарыс болады. Негізгі мақсатымыз – осы балалардың арасынан олимпиада чемпионын шығару.
Жарыс түрлі қашықтықты қамтыды. Нақтырақ айтсақ, ұл-қыздар өздерінің жас ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі шақырымды еңсерді. Олар жай жүгіріп қоймайды. Сайыс барысында нысананы көздейді. Мергендік сыналар сәтте қателікке бой алдырса, айып алаңында қосымша жүгіреді.
ДАМИР РАЙХАНОВ, биатлоншы, ШҚО:
— Риддер қаласынан келдім. Биатлонмен 3 жыл айналысамын. Өзіме өте ұнайды.
Жазғы биатлоннан жасөспірімдер арасындағы ел Кубогының кезекті кезеңі 3 күнге созылады. Жалынды жастардың жарысын Борки кентіндегі шаңғы базасына барып тамашалауға болады.
Байболат Құлтанов