Ән шырқалды, би биленді, ойындар да ойналды. Мамлютка қаласында түркі халықтарының ұлттық мерекесі – “Сабантой” атап өтілді. Мерекелік шарада аудан әкімі Елена Степаненко бой көрсетті. Ол ашылу салтанаты барысында елдегі достықты, тұрақтылықты нығайту мақсатында еңбек сіңірген бірқатар азаматқа алғыс хатын табыс етті. Құрметке бөленген жандардың қатарында сонау Татарстан Республикасының танымал әншісі Максуд Юлдашев та болды. Өнер иесі жылдағы мейрамға арнайы келіпті.
МАКСУД ЮЛДАШЕВ, әнші, Татарстан Республикасы:
— Мен бұл жерге алғаш рет келіп тұрғаным жоқ. Осында біраз досым бар. Солармен үнемі хат-хабар алмасып тұрамыз. Мерекеде марапат алып жатқаныма, думанда өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Елдің достығы, бірлігі әрдайым көрініс тапсын! Мерекемен баршаңызды құттықтаймын.
“Сабантой” – достықтың мерекесі. Шаттық жарасым тапқан алаңға түрлі ұлт өкілі жиылды. Саябақта 8 түрлі шаңырақ тігілген. Әр үйде халықтардың ұлттық киімдері, тағамдары жұртшылық назарына ұсынылды. Тұрғындар астан дәм татты, салт-дәстүрмен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ, Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Біздің ауданымызда көптеген ұлт өкілі тұрады. Басым бөлігі – татарлар. “Сабантой” көптен бері атап өтілмеді, биыл қайтадан қолға алынып отыр. Халық қуанышты.
Думан алаңындағы жұрттың назары татарлардың ұлттық бас киіміне түспей қоймайды. Оны «Дуслык» татар-башқұрт орталғының мүшесі Рамзия ханым өз қолымен тіккен. Шебер бір тебетейге бір күнін арнайды екен. Мұнда көздің жауын алатын қобдишалар да бар. Бұлар – Сапура Әлжанованың жұмысы.
САПУРА ӘЛЖАНОВА, СҚО “Дулык” татар-башқұрт қоғамдық орталығының мүшесі:
— Сандықшаларды жасап жүргеніме 4 жылдай болып қалды. Зейнетке шыққан соң бос отырмайын деп шештім. Бұл қобдишаларды әзірлеу үшін шыдамдылық керек. Егер сабырлық танытпасаң, ойлағаның жүзеге аспайды. Түрлі таспен әрлеу – ауқымды жұмыс. Еңбегім көпшілікке ұнап жатыр.
Шелекпен су тасу, қаппен секіру, қол күрес және арқан тартыс. “Сабантой” мерекесін бұларсыз елестету мүмкін емес. Үлкен де, кіші де мәре-сәре болды. Ойындарға барлығы қатысты.
Ақтолқын Солтанханқызы