Құқық қорғау органдары

Жұмысына жауапты учаскелік инспектор

Бахтияр Садуов Бескөл ауылының орталық бөлігінде учаскелік инспектор болып еңбек етеді. Ол өз қызметіне жақында ғана кірісіпті. Тәртіп сақшысының жұмыс күні азаматтарды қабылдаудан басталады. Шенді өзіне келген әр тұрғынға түсініктеме беріп, қолдан келген көмегін аямайды. Маманның қызмет орны ауылдық округ әкімдігінде орналасқан. Бұл өте ыңғайлы. Себебі, көршілес бөлмеде отыратын мамандардан жедел кеңес алуға мүмкіндік бар.

БАХТИЯР САДУОВ, Қызылжар ауданы ПБ учаскелік инспекторы:

— Учаскемде халық көп болған соң, құқықбұзушылықтар да көп болып жатады. Аса ауыр қылмыстар тіркелмесе де, табиғатты ластау фактілері жиі кездеседі. Бұл олқылықтарды түзету үшін бар күшімді саламын.

Бахтияр Садуов жауапты аумақта 4700-ден астам адам тұрады. Оның 67-сі – жалғызбасты зейнеткер. Капитан аз уақыттың ішінде барлық тұрғынмен тілдесіп үлгеріпті. Өтініштерін қағазға түртіп алған. Әрқайсысына нөмірін де беріпті.

Бахтиярдың басты міндеті – қылмысты болдырмау. Интернет-алаяқтыққа ерекше мән беріледі. Полицей әр тұрғынға айлакерлер туралы айтып, жаднама таратқан. Банк немесе ұялы байланыс операторларынан келген күмәнді қоңырауларға сенбеу керектігін түсіндірген.

БАХТИЯР САДУОВ, Қызылжар ауданы ПБ учаскелік инспекторы:

— Жай ғана жұмыс істеп қана қоймай, қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Бұл – менің азаматтық борышым деп санаймын. Учаскемде күнделікті рейд өткізіп тұрамын.

5 мыңға жуық адамның тыныштығын күні-түні күзету оңай емес. Бірақ, Бахтияр әр қиындықтарға сабырмен қарайды. Ол әрмен қарай халыққа пайдасын тигізуге ниетті.

 

Нұрасыл Ахмет