Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Ашық есік күні өтті. Судья Ерлан Нұршарыпов тілшілерге сот отырысына қатысатын алқа билердің жұмысы туралы айтты. Бұл топқа кез келген адам қосыла алмайды. Өңір аумағындағы соттар құрам жасақтау үшін 300-ге жуық жанға шақырту жібереді екен. Одан тек 10 азамат іріктеледі. Іріктеу қалай жүргізіледі? Қандай талаптарға басымдық беріледі?
ЕРЛАН НҰРШАРЫПОВ, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
— Алқабилер сотына 25 жастан жоғары ҚР кез келген азаматы шақырту алады. Басты талап – таңдалған адамның сотты болмауы. Сонымен қатар, нарко және психодиспансерге арнайы сұрау жіберіледі. Ол жақтан есепте тұрмау жөніндегі хат алынады. Сондай-ақ, айыпталушылардың қатарында туысы немесе танысы болмауы тиіс. Бұл пункт әділ шешім шығару үшін аса маңызды саналады.
Айта кетейік, алқа билер сот отырысына тек айыпталушының рұқсаты немесе қалауы бойынша ғана қатыса алады. 1 жылда бір рет қана шақыртылады. Яғни, 12 айдың ішінде қайта құрамда болмайды. Алқа билер өкіліне ақша төленеді.
ЕРЛАН НҰРШАРЫПОВ, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
— Төлем судьяның жалақысына қарай жасалады. Нақтырақ айтсақ, алқа билер өкілі судья табысының 50 пайызын алады. Онымен қоса, егер ол ауылдан қатынаса жол ақысы төленеді. Ол үшін тұлға билетті көрсетуі тиіс.
Жыл басынан бері Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алқабилердің қатысуымен 9 іс қарастырылған.
Ақтолқын Солтанханқызы