Қазақстанда тамыз айында өтетін ҰБТ-да бақ сынау үшін өтініш қабылдау науқаны басталды. Талапкерлер кезекті тестілеуге қатысу өтінімін 25-ші шілде мен 5-ші тамыз аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы жолдай алады. Түлектер маңызды сынақ өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Бұл емтихан бұған дейінгі тестілеулерде шекті балл жинай алмаған жалынды жастарға тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу мүмкіндігін сыйлайды. Оған биылғы немесе өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, қандастар қатыса алады. Тестілеудің өзі тамыздың 10-ы мен 14-і күндері аралығында өтеді.