Денсаулық сақтау

Солтүстікқазақстандық нейрохирургтар мидағы ірі ісікті алып тастады

Солтүстікқазақстандық нейрохирургтар ерледі. Олар мидағы ірі ісікті алып тастады. Күрделі ота міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру аясында 64 жастағы Петропавл тұрғынына тегін жасалды.

Ажалдан аман қалған петропавлдық – Анатолий Черясов. Облыстық көпбейінді аурухана қабырғасында 7-ші күн емделіп жатыр. Ол ойда-жоқта емдеу мекемесінен шыққан.

АНАТОЛИЙ ЧЕРЯСОВ, қала тұрғыны:

— Таңда басымның қатты ауырғанынан ояндым. Олай ешқашан ауырған емес. Салынған екпе көмектеспегесін зайыбым дәрігерлерді шақырды. Мамандар маған түрлі сұрақ қойыпты, мен сандырықтаған күйде жауап берген екенмін. Жағдайымның мәз еместігін байқаған қызметкерлер ауруханаға жеткізген. Операцияға 3 күн дайындады, ота сәтті өтті. Бір ажалдан аман қалдым. Дәрігерлерге, медбикелерге алғыс айтамын!

Алғыс қабылдаған дәрігерлер ісікті көргенде төбе шаштары тік тұрыпты. 6,5 см ісік миға тіреліп, азаматтың еркін жүруіне, сөйлеуіне әсер еткен. Операция оңайға соқпады. Мамандар 6 сағат төр төкті.

БАЛХАР ШАТУЕВ, облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирург дәрігері:

— Операция сәтті өтті. Науқасты сол күні кешке жансақтау бөлімшесінен өзіміздің бөлімшеге алып келдік. Келесі күні-ақ оң өзгеріс байқалды. Ал үшінші тәулікте аяққа тұрды. Сөйлеуі, тамақ ішуі, есте сақтауы, ұйықтауы және оқуы жақсарды. Әлі де оңалу қажет. Емделушіге әзірге ауыр жұмыс істеуге, моншаға түсуге болмайды.

Петропавлдыққа екінші өмірді міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру сыйлады. Бұл операцияның құны шамамен 10-15 млн теңгені құрайды. Ал жүйе аясында ота ақысыз негізде жасалды.

 

Байболат Құлтанов