Смирново ауылының тұрғындарына таяқ тастам жерде тұрған элеваторлар кедергі келтіруде. Астық сақтау орындарынан шығатын дыбыстан құлақ тұнады, ал шаңнан көз ашылмайды екен. Осы мәселе бойынша елдімекенде көшпелі кеңес өтті. Бизнес өкілдері жақында Кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Іскер жандардың айтуынша, жергілікті атқарушы орган өкілдері оларға тұрғындардың шағымы бойынша бірнеше рет келіп, ескерту жасаған.
КОНСТАНТИН ЯСМАНОВ, “Смирнов астықты қабылдау және тиеу пункті” ЖШС қызметкері:
— Біз осы ауылда 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бірақ, тұрғындар 2021 жылдан бастап қана шағым білдіруде. Мемлекеттік орган өкілдері бізді жиі шақырып та ескерту жасайды. Егер астықты күні-түні кептірмесек, қысқа дейін үлгермейміз. Сондықтан үздіксіз жұмыс істеудеміз. Тұрғындарды да түсінуге болады. Олар да бізді түсінсе екен дейміз.
Бұл төңіректе 1 емес, 4 бірдей астық сақтау кәсіпорны бар. 2022 және 2023-ші жылдар аралығында “Ертегі” серіктестігі тұрғындармен осы жағдайға байлынысты соттасқан екен. Халық басшылықты сотқа берген. Сонда элеватордан қатты дыбыс шыққаны үшін айыппұл төлеген. Заңға сүйенеміз. Күндіз дыбыстың күштілігі 55-70 децибел, ал түңгі уақытта 45-60 децибел болуы қажет. Серіктестік өкілдері ереже сақталғанын айтады.
ИНЕССА ҚУАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы:
— Ауыл тұрғындарының дені осы элеваторларда қызмет ететінін естен шығармау қажет. Олар жұмысын тоқтататын болса, біраз адам табыссыз қалады. Біз жергілікті атқарушы орган өкілдеріне кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтірмеу жөнінде оймен жүгіндік. Мәселені тереңнен қарау қажет. Әуелде жер дұрыс бөлінбеген. Үйлер өндірістік нысандардан алыс тұруы қажет. Ал бұл жерде құрылыс жұмыстары өте тығыз жүргізілгенін көреміз. Егер кезінде учаскелер талап бойынша берілсе, мұндай жағдай туындамас еді.
Екінші тарапты да тыңдадық. Тұрғындар сұхбат беруден бас тартты. Тілдескен бір-екі адам ауаға таралатын шаң-тозаң да мазаны қашыратынын айтты. Мәселені шешудің бір жолы бар. Бұған дейін “Темирхан KZ” серіктестігі маңайындағы жер үйді сатып алған. Халық осындай тәжірибеге қарсы емес. Бірақ, олар баспаналары үшін 12 млн теңгенің үстінде ақша сұрайды. Ал бұған кәсіпкерлер қарсы.
ИНЕССА ҚУАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы:
— Кәсіпкерлердің барлығы өз міндеттерін орындаған. Рұқсат етілген дыбыс режимінде жұмыс істейді. Таза ауаға артық қалдықтар таралмайды. Мұны арнайы тексеру көрсетті. Элеватор басшылығы күні-түні жұмыс істеуге құқылы. Яғни, серіктестік жағынан ешқандай қателік туындап отырған жоқ. Ал тұрғындар үйлерін өте қымбатқа бағалап отыр. Баспаналардың кейбірі әбден ескірген. Кәсіпкерлер егер үйлер сапалы, бағасы қолжетімді болса, сатып алуға қарсы емес.
Аудан орталығына арнайы барған Кәсіпкерлер палатасының өкілдері серіктестік басшыларын мұқият тыңдады. Оларға тұрғындармен тағы бір кездесіп, ортақ шешімге келу қажет екенін түсіндірді. Қоса кетейік, өңірде жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 7 кеңес өткен.
Мәдина Қаби