Табиғаты тамаша, өндірісі қызған өңірде қоршаған ортаға деген мәдениет әлі қалыптаспай тұр. Шаһардың сыртына шықсаң немесе шеткері аудандарды араласаң, жер-жерде шашылған қалдықтарды көресің. Мұнымен экология департаменті күресіп жатыр. Мамандар әуеден түсірілген суреттерге және арнайы бақылау топтарына сүйеніп, қалдықтар орналасқан жерлерді анықтайды. Кейін заңға сәйкес жұмыс басталады. Бұл жайлы жергілікті тілшілерге департамент басшысы баяндады.
ТАЛҒАТ СӘБИЕВ, СҚО экология департаментінің басшысы:
— 2025 жылы көшпелі жұмыстардың нәтижесінде қалдықтарды орналастырудың 62 рұқсатсыз орны анықталды. Аталған фактілер бойынша жергілікті атқарушы органдарға және ішкі істер органдарының атына хат жазылды. Хатта қоқыс тастайтын жерлерді жою және кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдау мәселесі көтерілді.
Брифинг барысында Талғат Сәбиев жоспармен де бөлісті. Биыл аққайыңдар өлкесінде ауқымды жұмыс көзделген. Аудан орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру ісі мықтап қолға алынады. Халықтың экологиялық бiлiмiн арттыруға да басымдық беріледі.