Құқық қорғау органдары

СҚО-да 3 күн ішінде 11 мас жүргізуші ұсталды

Солтүстікқазақстандық полицейлер шілденің 21-і мен 23-ші аралығында “Тасымалдаушы” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Осы 3 күн ішінде тәртіп сақшылары 17 заңсыз такси жүргізушісін анықтады. Мақсат – жол-көлік оқиғаларын азайтып, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру.

АЯГӨЗ ЕСМАҒАМБЕТОВА, СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

— Жолаушыларды тасымалдайтын автокөліктерді тексеру бойынша рейд өткізудеміз. Оның барысында негізінен рұқсат етілген құжаттардың болуына назар аударылады. Қызметтің тіркелуі, көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен жол жүру ережелерін сақталуына да басымдық беріледі.

Рейд барысында қоғамдық көлік құралдары да тексерілді. Бұл бағытта қайта жабдықталған көліктерді пайдалануға жол берілмейді. Мамандар осыған көз жеткізді. Жүргізушілердің еңбек және демалыс уақыты сақталуына да назар аударылды.

АЯГӨЗ ЕСМАҒАМБЕТОВА, СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

— Сонымен қатар, жол жүру ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау жұмыстары кұшейтілді. Атап айтқанда, көлік құралын мас күйінде басқару, жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдіктерін тақпау және балаларға арналған орындықтарды пайдаланбау сияқты құқық бұзушылықтар анықталды.

Іс-шара барысында өңір жолдарында 496 түрлі құқық бұзушылық тіркелді. Нақтырақ айтсақ, көлік құралын басқару құқығы жоқ 41 жүргізуші анықталды, жүргізуші куәлігінен айырылған 7 адам темір тұлпар тізгіндеген, сонымен қатар 11 тұлға мас күйінде рөлге отырған.