Петропавл маңындағы «Достық» жазғы лагерінде демалып жатқан балалар үшін полицейлер ерекше бағдарлама дайындады. Арнайы жедел әрекет ету жасағының көрсетілімі, патрульдік автокөліктің мүмкіндіктерімен танысу, есірткіге қарсы эстафета – профилактикалық шара қызықты әрі мазмұнды өтті.
Кездесуді жергілікті полиция қызметі басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті бірлесе ұйымдастырды. Шенділер балаларға туындауы мүмкін қауіп туралы айтты: терезеден құлап кету, өрт қауіпсіздігі, жол жүру ережелерін сақтау. Сондай-ақ, жасөспірімдер жиі жасайтын құқықбұзушылықтар мен әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты таратудың қатері туралы баяндалды.
Шараның ең әсерлі бөлігі – арнайы жедел әрекет ету жасағының көрсетілімі. Жауынгерлер қарулы қылмыскерге қарсы тұруға мүмкіндік беретін тәсілдерді көрсетті. Ал патрульдік полицейлер балаларды қызметтік көлікке отырғызды, дауыс зорайтқыш құрылғысын ұсынды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері балаларға есірткінің қауіптілігі мен оны таратудың ауыр салдары туралы айтты, қызықты спорттық жарыс ұйымдастырды.
АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ басқармасының инспекторы:
— Бүгінгі таңда облыста 12 лагерь жұмыс істейді. Әр мекемеге тәртіп сақшылары бекітілген. Олар алдын алу шараларын өткізеді.
Балалар лагерлеріндегі мұндай профилактикалық іс-шаралар өскелең ұрпаққа қауіпсіздік, жауапкершілік және заң мен тәртіпті сақтау туралы түсінік қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыс жазғы демалыс кезінде аса маңызды және облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болмақ.
Байболат Құлтанов