“Жүз жыл жырлаған жүрек”. Осындай атаумен бүгін Петропавлда ұлы ақын, жырау Жамбыл Жабаевтың көрмесі ашылды. Шара тарихи тұлғаның 180 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Көрме теріскей төріне Алатаудың баурайынан жетті. Алыстан ат терлетіп келген ақынның немересі әрі Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейінің директоры Салтанат Жамбыловаға алғыс хат табыс етілді.
САЛТАНАТ ЖАМБЫЛОВА, Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейінің директоры, Алматы облысы:
— Биыл мұражайымызға 80 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай республикамыздың қалаларын аралап жүрміз. Жылжымалы көрмеде 60-тан астам жәдігер бар. Қызылжарға алғаш келіп отырмыз, кейін Семейге барамыз.
Көрмеде ақынның шығармашылығы мен өмірінен сыр шертетін жәдігерлер жетерлік. Мәскеуге жасаған сапар кезінде киген шапаны, ақынның домбыралары, жеке құжаттары мен хаттары, көзілдірігі жәні құлаққабы. Бұлардың әрқайсысы жайлы айтуға болады. Ашылу салтанатына теріскейлік зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар Жамбыл Жабаевтың ұлылығы жайлы біраз әңгіме қозғады.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, Петропавл қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Жамбыл Жамбаевтың “Ленинградтық өренім” өте рухты өлеңі. Кезінде осы өлең жолдары біздің халқымызға ерекше күш сыйлаған.
Теріскейіктердің құлағына алтын сырға! Жылжымалы көрме өңірде шілденің 27-ші жұлдызына дейін болады. Кез-келген адам “Абылай хан резиденциясы” музей кешеніне барып, құнды заттармен таныса алады. Айтпақшы, аталған мекеме мен Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейі арасында меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта тараптар бірлескен жобаларды қолға алады.
Ақтолқын Солтанханқызы