Өнеркәсіп

Петропавлда саңырауқұлақ өсіретін ферма салынуда

Тұтас Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды нысан. Петропавлда саңырауқұлақ өсіретін ферма салынып жатыр. Бір жылда 2 жарым мың тонна өнім шығаратын кәсіпорынның құрылысы сәуір айында басталған.

Мұнда саңырауқұлақ өсіріліп қана қоймайды. Өнім консервіленеді және тоңазытылады. Яғни, саудаға 2 түрі шығарылады. Осы жылы іске қосылатын фермаға 50 қызметкер жұмысқа алынады. Бүгінде құрылыстың 70 пайызы аяқталып қалды.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Eco glade” ЖШС директоры:

— Біз негізі құрылысты маусым айында аяқтаймыз деп ойлаған едік. Ауа райына байланысты жоспарды орындай алмадық. Дегенмен, еңсені түсірмейміз. Жоба құны 11 млр теңгені құрайды. Оның жартысын “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан қарызға алдық. Саңырауқұлақтың тұқымын Еуропадан әкелдік.

Құрылыс жұмысы қызу жүріп жатыр. Жергілікті 3 мердігер ұйымның жұмысшылары күн-түн демей еңбек етуде. Жоспардағы іс мәресіне жеткесін жабдықтар орнатылады. Бүгінде олардың барлығы жеткізіліпті.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Eco glade” ЖШС директоры:

— Барлық құрылғыларды Польшадан алдық. Автоматтандырылған құрылғы саңырауқұлаққа қай сәтте суық, қай кезде жылу қажет екенін көрсетіп тұрады. Әрине, мамандар да қадағалайтын болады. Бірақ, көп жұмысты заман игіліктері атқарады. Өнімді кейін жанымыздағы қалаларға және Ресейге сатпақпыз.

Заманауи ферманың ашылуы өзге жақтардан алынып, жергілікті дүкен сөрелеріне қойылған саңырауқұлақ бағасына әсер етері сөзсіз. Мамандардың есептеулеріне сүйенсек, құрылыс жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады.

 

Мәдина Қаби