Биыл КСРО Жазушылар Одағының мүшесі Борис Петровтың туғанына 105 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай облыстық кітапханада қаламгерді еске алу кеші өтті. Шараға жерлесіміздің әріптестері мен туыстары жиналды. Қатысушылар Борис Николаевичтің шығармашылығына кеңінен тоқталды. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сондықтан дарын иесінің еңбектерінде ұрыс даласы жиі суреттеледі. Ауыл өмірі мен солтүстіктің әсем табиғатына қатысты да жұмыстары жетерлік.
КИРИЛЛ ФИЛОНОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі:
— Соғыс жылдары жазушының өміріне қатты әсер етті. Оны автордың шығармаларынан сезуге болады. Қаламгердің “Воскресный наряд” атты романы бар. Сол еңбекте тылда тер төккен жандардың өмірі, майданның психологияға әсері туралы тамаша жазылған. Соғыста солдат жанұясын, туған жерін қатты сағынған. Бұны да еңбектерін парақтау арқылы аңғарамыз. Борис Николаевичтің өміржолы – баршамызға үлгі дер едім.
Жазушы Сәбит Мұқанов, Иван Шухов сынды елімізге белгілі солтүстікқазақстандық қаламгерлермен дос болған. Бірлесе қызмет еткен. Әдебиет әлемінде өзіндік орны қалған тұлға роман, повесть, очерк пен көптеген әңгімені өмірге әкелді. Бүгін солардың барлығы қатысушылардың назарына ұсынылды. Шарада жазушының шығармашылығы ғана емес, жеке өмірі туралы да айтылды. Яна Чернышова – Борис Петровтың немересі. Бойжеткен атасының сара жолымен келе жатыр, арасында театрландырылған пьеса жазады.
ЯНА ЧЕРНЫШОВА, жазушы Борис Петровтың немересі:
— Өкінішке қарай, атамның көзін көре алмадым. Дегенмен, әжем маған оның қандай асыл жар, қамқор әке болғаны туралы үнемі айтып отыратын. Осындай тау тұлғаның немересі болғаныма қуанамын. Кішкентайымнан атамның өлеңдерін оқып өстім. Өзім де өнер жолына, әдебиет саласына бір табан жақынмын десем болады. Қазіргі күні балаларға әртістік шеберлік бойынша тәлім беремін.
Бүгінгі күні жазушы Борис Николаевич Петровтың 11 кітабы бар. Оның бірнешеуі қаламгер өмірден озғаннан кейін жарық көрген.
Ақтолқын Солтанханқызы