Білім

Қозыбаев университеті қомақты гранттық қаржыландыруға ие болды

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Жеңіске жеткен жергілікті білім ордасы 3 млрд 270 млн теңге көлеміндегі гранттық қаржыландыруға ие болды. Бұл қаржы облыстың ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған қолдау ғана емес, сондай-ақ, оқу орнының жоғары бәсекеге қабілеттігін көрсетеді. Сайыс нәтижесінде Қозыбаев университетінің 4 жұмысы үздік деп танылған. Жоғары бағаланған жобалардың барлығы аймақтың экологиясы мен экономикасын дамытуға бағытталыпты. Дәлірек айтқанда, су ресурстарын ұтымды пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары таңдалған. Алдағы уақытта тың бастамалар жүзеге асады. Қазір авторлары қызу дайындық үстінде.

ӘСЕМГҮЛ ТЕМІРХАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың ғалым хатшысы:

— Менің жобамның тақырыбы – “Солтүстік Қазақстан қоғамындағы байлардың рөлін, олардың экономикалық әлеуетін және шаруашылықтардағы тәркілеу процестерін зерттеу”. Осы арқылы 20-шы ғасырдағы қалталы жандардың өмірін көрсеткім келді. Себебі, Кеңес үкіметі кезінде қазақ байларына жалған жала жабылып, дүниелері тәркіленді. Салдарынан елде ауыл шаруашылығы құлдырады. Нәтижесінде бірнеше рет аштық болды. Жобаны архив құжаттары мен белгілі қоғам қайраткерлері жазған мақалалардың арқасында әзірледім.