Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Дайындық ауылында өңір диқандарының біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті

СҚО – мал шаруашылығы бойынша шоқтығы биік аймақтардың бірі. Сүт өндірісі жөнінен елімізде екінші орында тұр. Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Алтынбек Абдоллаевтың сөзінше, сиырларымыз орташа есеппен 25 литр ақ береді. Бұл статистиканы екі есеге арттыруға мүмкіндік бар. Ондай нәтижеге жету үшін Зеңгі баба төліне беретін жем-шөбімізді дұрыстау қажет. Сол мақсатта Аққайың ауданы Дайындық ауылында теріскейлік шаруаларға арналған “АгроФид-2025” атты семинар өтті.

АЛТЫНБЕК АБДОЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

— Көбі малға қандай шөпті беру керек екенін білмейді. Шарада шаруаларға төрт-түліктің күйлі, сүтті болу үшін қандай өсімдіктер мен жем беру екенін айтамыз. Олар білікті мамандардың айтқанына құлақ асса, зор жетістіктерге жетеді. Мәселен, мал аралас шөптерді жесе, асқазаны оны тез қорытады.

Қазақ “Малың майлы болсын десең – жем-шөбің сайлы болсын” деп бекер айтпайды. Ал азық дайындау үшін тегеурінді техника керек. Зиянкестерден зардап шекпеу үшін дұрыс химиялық дәрілерді қолданған аса маңызды. Семинар барысында қатысушыларға арналған көрме ашылды. Аумаққа неше түрлі заманауи трактор-комбайндар мен ауыл шаруашылығы жабдықтары қойылған. Ақпарат ұсынушы жандар әр дүниенің артықшылығына тоқталды.

УӘЛИХАН ЫСҚАҚОВ, “Щелково Агрохим Казахстан” ЖШС сату бойынша менеджері:

— Мәселен, “Скарлет” препараты дақылға толықтай сіңіп, аурулардан, зиянкестерден қорғайды. Одан қалды, өсіміне мүлдем әсер етпейді. Диқандарға бұл дәрілер үшін субсидия төленеді.

Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары келді. Білікті мамандардың сөзінше, солтүстіктің ауа райы бұршақ тұқымды шөптерді өсіру ыңғайлы. Аталған өсімдіктер малдың тез жетілуіне зор септігін тигізеді. Топырақтың құнарлылығын арттырады. Шара барысында жылына екі рет өнім беретін шөптерді де егу жайлы айтылды. Ол үшін өсімдікті бірінші рет шапқан кезде түбіне дейін жеткізбей, 10-15 см жоғары ору керек.

ТӨЛЕГЕН БӨЛЕКОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Орал қаласы:

— Мал шаруашылығын дамыту үшін аралас шөптерді көптеп егу қажет. Яғни, бір-бірімен будандастырған жөн. Бұл жұмыс Батыс Қазақстан облысында оң жолға қойылған.

Семинарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Ол мұндай шаралар аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор септігін тигізетінін жеткізді. Ауқымды басқосуға өңірдің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық шаруа келді. Шараның Дайындық ауылында өтуі тегіннен тегін емес. Себебі, мұндағы “Дайындық Агро” серіктестігі – облыстағы ең беделді шаруашылықтардың бірі. Бір сөзбен айтқанда, келген меймандарға көрсетері жетерлік.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық-Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

— Семинарға қатысушыларға шаруашылықтың 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктерін көрсетеміз. Біз алқаптарымызда көбінесе мал үшін жүгері өсіреміз.

Шараға қатысушылар көрмеден кейін “Дайындық-Агро” серіктестігінің егістік алқаптарын аралады. Содан соң Марат Иманбайұлының бастамасымен өткен алқалы жиынға қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет