Денсаулық сақтау

Дәрігерлердің пациенттерді қабылдау уақыты ұзарады

Тұрғындар үшін жағымды жаңалық! Алдағы уақытта медициналық-санитарлық көмек көрсету дәрігерінің қабылдау уақыты ұзартылатын болады. Бұған дейін мамандар халықты 4 сағат қана қабылдаса, енді 6 сағат қызмет көрсетеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек” орталығының директоры Айгүл Қасымова айтты.

АЙГҮЛ ҚАСЫМОВА, ҚР ДСМ «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек” орталығының директоры:

— Бұл бастама арқылы пациенттер мұқият тексеріліп, тиімді ем тағайындалады. Одан бөлек, динамикалық бақылауды сапалы жүргізуге, аурулардың алдын алу мен ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жаңа басқару шешімдері енгізіліп, нормативтік құқықтық базалар жаңартылып жатыр.

Осы ретте сандарға тоқталсақ, Қазақстанда 680-ге жуық бастапқы денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Олардың 62%-ы – қалаларда, 38 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Халықтың 75 пайызына мемлекеттік ұйымдар қызмет көрсетсе, қалған 5 млн тұрғын жекеменшік мекемелерге барады. Тағы бір жағымды жаңалық, бұдан былай мейірбикелер пациенттерді бұрынғыдай кезек бойынша емес, кесте бойынша қабылдайтын болады. Бұл – бейінді министрліктің жүзеге асырғысы келіп отырған жобаларының бірі.