Қоғам

Дәрігерлер мен мұғалімдерге күш көрсеткендерге жаза күшейеді

Дәрігерлердің жұмысы оңай емес. Мамандар күніне неше түрлі адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде агрессивті жандар да болады. Әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардың медицина қызметкерлеріне күш көрсеткенін көріп, естіп жатамыз. Алысқа барудың қажеті жоқ. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының неврапотолог дәрігерін 17 жастағы қала тұрғыны ойыншық тапаншамен қорқытып, артынан балдақпен ұрған. Соттың шешімі бойынша жасөспірім 3 жылға сотталды. Ал енді ақхалаттыларға шабуыл жасағандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осы бастаманы заң жүзінде бекітуге мүдделі. Арнайы жоба күзде Парламентте қаралады. Бұл туралы еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова айтты.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

— Медицина қызметкеріне қоқан-лоққы көрсеткендер 2 жылға, шабуыл жасағандар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер бұл қылмыс төтенше жағдай кезінде жасалса, жаза мерзімі 10 жылға дейін ұзартылады. Бірнеше адамнан құралған топ дәрігерге күш қолданса, 15 жылға дейін темір тордың ар жағына қамалуы мүмкін. Біз бұл жаңашылдық арқылы мамандарымыздың құқығын қорғайтын боламыз.

Осы ретте бас шайқатарлық статистикамен бөліссек. Елімізде соңғы 5 жылда 170-ге жуық дәрігер соққының астында қалыпты. Сондай-ақ, Қазақстанда мұғалімдер қауымына күш көрсеткендерге де жаза күшейеді. ҚР Премьер министірінің орынбасары Ермек Көшербаев Үкімет отырысында ұстаздар да жиі зардап шегетінін айтты.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР Премьер министірінің орынбасары:

— Тек медицина қызметкерлерін ғана емес, басқа салаларда да қорғау жүйесі болуы керек деп есептеймін. Мәселен, мұғалімдер. Әрине, заңда ұстаздардың құқығы қорғалатыны жазылған. Бірақ, педагогтерге қарсы әрекет пен оның жауапкершілігі арасында нақты тепе-теңдік болуы тиіс. Бұл бағытта бірнеше ұсыныс бар. Депутаттармен бірлесіп, шешім қабылдаймыз.

 

Нұрасыл Ахмет