Қоғам

Баласының еміне ақша қажет әке мотоциклмен Түркістанға бармақ

Петропавлдық Әлтайыр Еркебұланның еміне ақша жинау жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін жомарт жандар 47 миллион теңге аударыпты. Алайда, бұл қаржы ауыр дертке шалдыққан баланы аяққа тұрғызуға жетпейді. Әлі қомақты қаражат қажет. Қазіргі таңда Әлтайыр анасымен бірге Астана қаласындағы “Ана мен бала” орталығында кезекті химиятерапия курсынан өтуде.

Баласының емі үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған отағасы кезекті ерлікке баруды жөн деп тапты. Бұған дейін Данияр Тәліпов елдің назарын науқас ұлына аудару мақсатында Петропавлдан Астанаға велосипедпен жеткен болатын. Енді мотоциклмен ел араламақ. Бұл жолғы бағыт – қасиетті Түркістан.

Қасиетті жұманың таңында жолға шыққан азамат бірнеше сағаттан кейін Есіл ауданы Бұлақ ауылы жанындағы Құлсары батырдың кесенесіне жетті. Ауыр дертпен күресіп жатқан кішкентай жерлесімізге көмек қолын созам деушілер Әлтайыр Еркебұланның анасына Меруерт Тәліповаға жылу жолдай алады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы