Облыста әлеуметтік кәсіпкерлік бағыты жаңа-жаңа қарқын алып келеді. Әлеуметтік кәсіпкер – өз бизнесін қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағыттаған адам. Сондай жанның бірі – петропавлдық Северина Джан. Нәзікжандының облыс орталығында балаларды медициналық оңалту орталығы бар. Мекеме 2019 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарға да көмек көрсетеді. Одан қалды, сөйлеуі мен жүруі кешеуілдеген кішкентайлармен жұмыс істейді.
СЕВЕРИНА ДЖАН, балаларды медициналық оңалту орталығының директоры:
— Осыдан 3 жыл бұрын жергілікті әкімдікке барып, ресми түрде әлеуметтік кәсіпкер ретінде тіркелдім. Олар мені бірден Астана қаласына біліктілікті арттыру курсына жіберді. Аталған шарада білімді мамандар балалармен, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Қаржылық сауаттылық жайлы мол мағлұмат алдым. Біздің жұмыста ең бастысы сабырлылық қажет. Әрине, титыққа тиетін сәттер өте көп. Бірақ, бәріне шыдап, балалардың оңалып кетуіне бар күшімді салып келемін.
Орталыққа күнде 10-нан астам бала келеді. Мұнда олармен жұмыс істейтін 3 маман бар. Барлығы біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
СЕВЕРИНА ДЖАН, балаларды медициналық оңалту орталығының директоры:
— Мен балаларды ерекше жақсы көремін. Бұрын көшеде, сауда-орындарында мүмкіндігі шектеулі балаларды көргенде қатты қыңжылатынмын. Сондықтан, өзімнің оңалту орталығымды аштым. 6 жылдың ішінде ондаған ұл-қыздың жүріп кетуіне септестім. Орталыққа сөйлемей келген жеткіншектердің арасында бір жыл ішінде тақпақ айтып тұрғандары да болды.
Орталықтағы мамандар әр баламен кемінде 1 жарым сағаттан астам жұмыс істейді. Игі іске құштар жерлестеріміз сауапты қызметті жалғастыра бермек.
Нұрасыл Ахмет