Бұл – Петропавлдағы “Регион 715” серіктестігі. Кәсіпорын ел көлеміндегі балабақшалардан бастап, университеттерге дейінгі білім ұяларына корпустық жиһаз бен металл қаңқалар жөнелтеді. Қазір мұнда жұмыстың нағыз қызған шағы. Көп ұзамай жаңа оқу жылы басталады. Ал қыркүйекке дейін жан-жақтан түскен тапсырысты орындау қажет. Бүгінгі күні өндіріс ошағында 80-ге жуық адам еңбек етеді. Соның бірі – Вадим Толубаев. Жас маман қатарға студент кезінде қосымша табыс табу мақсатында қосылыпты. Цех, әріптестері мен жұмыс ұнаған. Вадим
оқуын аяқтаған соң осында қалуды жөн көрген екен.
ВАДИМ ТОЛУБАЕВ, сырлаушының көмекшісі:
— Бастапқы уақытта жұмысқа үйрену қиын болды. Уақыт өте әріптестерім көп нәрсе үйретті. Солардың арқасында біраз тәжірибе жинадым. Қазіргі уақытта түрлі тапсырманы орындай аламын, тәжірбиелі мамандарға көмектесемін. Қызметім өзімнің көңілімнен шығады, жалақысы да, жұмыс уақыты да ыңғайлы. Мен жұмысшы маман болғаныммен мақтанамын!
Серіктестіктің құрылғанына 15 жылдан асқан. Осы аралықта кәсіпорын біршама өсті. Тек ауқымы мен маман саны жағынан ғана емес, қолданыстағы техника жаңарды, сапа жақсарды. Оны біраздан бері еңбек етіп келе жатқан жандар растайды. Соның бірі – Александр Папировник. Азамат – металл сырлаушысы. 2004 жылдан бері тер төгіп жүрген жерлесіміз үшін жұмысының нәтижесі бірінші орында тұрады.
АЛЕКСАНДР ПАПИРОВНИК, сырлаушы:
— Өзімнің 2 балам бар, екеуі де мектепте оқиды. Біз жасаған жиһаздар сол білім ұясында тұр. Сапалы, әдемі жерде білім алып жатқандарына қатты қуанамын. Жастар қара жұмыстан қашпауы қажет. Бұл – мақтаныш, бұл – нағыз еңбек, бұл – қозғаушы күш. Өзім осындай қағида ұстанамын.
“Регион 715” серіктестігі өңірдегі білім ұяларымен тығыз қарым-қатынаста. Кәсіпорын басшылығы “Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне электр монтаждау зертханасын сыйға тартқан. Қазір заманауи оқу залының арқасында студенттер сапалы тәлім алуда, тәжірибе толықтыруда.
Ақтолқын Солтанханқызы