Төбелес, күш көрсету және ұрлық. Қазіргі жастар арасында осындай заң бұзушылықтар жиі орын алады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа қажет. Сонда жүріп келе жатқан көш түзеледі. Кейінгі толқынға ақыл-кеңес беру мақсатында С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада тағылымдық кездесу өтті. Жиында ұл-қыздарға заңның ала жібін атаудың салдары туралы айтылды.
ЗАКИРЖАН МАМЛЮТОВ, СҚО ДП жанындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары:
— Қазіргі уақытта ұл-қыздар демалыста, ал ата-аналары жұмыста болады. Оларға бас-көз болатын ешкім жоқ, кейбір кезде не істеп жатқандарын білмейміз. Сол себепті жастарды мұндай шараларға көптеп тарту керек. Олар жаман жолдың түрлерін, салдарын естіп, сабақ алады деп ойлаймын. Мен бүгін балаларға қолдарың босап жаста, кітап оқыңдар дегім келеді.
Шараның маңыздылығын қатысушы жастар жақсы біледі. Кейбірі спикерлерді тыңдап, өзіне белгілі бірі қорытынды жасап үлгерген.
БОГДАН ДОБРОСКОКОВ, қатысушы:
— Мұндай шараларға жиі қатысамын. Бүгін көп маңызды ақпарат айтылды. Кейбір құқықбұзушылық түрінің салдары неге әкеліп соқтыратынын енді біліп жатырмын. Өмірде шалыс бассақ, болашақта кері әсерін тигізеді. Мысалы, оқуға түсу барысында, жұмысқа орналасу кезінде жолымыз болмайды. Осыны жақсы білемін.
Сөз соңында статистикаға көз жүгіртсек. Жыл басынан бері теріскейлік тәртіп сақшылары 700-ден астам рейд ұйымдастырған. Нәтижесінде түнгі уақытта жүрген 1537 баланың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сонымен қатар, 128 тұлға кәмелеттік жасқа толмаған балалары қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін айыппұл арқалаған.
Ақтолқын Солтанханқызы