40 жылға жуық тарихы бар мектепке дейінгі білім беру мекемесі жаңаруда. Петропавлдағы “Гулливер” бөбекжайында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай оң өзгеріс салынғалы бері болмаған. Тек 6 жыл бұрын терезелері ауыстырылыпты. Нысан төбесі әбден тозған. Қатты жаңбыр жауса, ішке су өткен.
АЙГҮЛ АХМЕТОВА, “Гуллливер” бөбекжайының меңгерушісі:
— Бөбекжайда 300-ден астам бала немесе 13 топ бар. Олардың дені қазір жекеменшік балабақшаларға барып жүр. Балалардың және өзіміздің қауіпсіздік үшін осындай жөндеу қажет болды. Бұл жерде 70-тен астам маман еңбек етеді. Күрделі жөндеуді біраз күттік. Ата-аналардың армандары орындалуда.
Маңызды іске петропавлдық серіктестік жауапты. Мамандар қазір таңнан кешке дейін тер төгуде. Төбедегі жұмыс аяқталғасын, 1-ші қабаттың барлық сыртқы есіктерін ауыстыру қажет. Күрделі жөндеу жұмыстары күзге дейін аяқталуы керек.
СЕРІК МҰХАМЕТРАХИМОВ, учаске бригадирі:
— Жұмысқа 20 жұмысшы жұмылдырылды. Қазір істің 35 пайызын аяқтадық. Алда әлі біраз шаруа бар. Ауа райы қолайлы болып тұр, қатты ыстық та, суық та емес. Тек алдағы уақытта жаңбыр жаумасы дейміз. Кестеден қалу байқалмайды, үлгеріп жатырмыз. Бір кран бар. Ауыр заттарды сонымен көтереміз. Техника жеткілікті.
Айта кетейік, жергілікті қазынадан жөндеу жұмысына 166 миллион теңге қаржы бағытталған.
Мәдина Қаби