МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
— Бұл не деп ойлайсыздар? Бұл – өрт сөндіруші робот. Қате естіп тұрған жоқсыздар. Арнайы құрылғыны шетелдік емес, өзіміздің мамандар ойлап тапты. Бірегей жоба Киров атындағы зауыт қабырғасында жүзеге асты.
Жергілікті өнертапқыштардың жобасына біраз білім, күш пен уақыт жұмсалыпты. Жұмыс соңына жақындағанда мамандар өрт сөндірушілермен байланыс орнатқан. Осылайша тараптар ненің қажет екенін бірлесе анықтаған. Жақында ерекше дүние құтқарушыларға сыйға тартылды. Қабылдаушы жақ оны сынақтан да өткізіп үлгеріпті. Құлтемір шашқан су 15-20 метрге дейін жетеді. Бұл жерде көліктен берілетін қысым маңызды рөл атқарады.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:
— Роботтың мақсаты – үлкен өрттер орын алған сәтте көмектесу. Оны жанармай құятын немесе газ құятын орындар, көліктер жанғанда қолданатын боламыз.
Құлтемірдің алдында және артқы жағында 3 камера бар. Оның жүріс-тұрысын мамандар қашықтықтан пульт арқылы басқарады. Ол үшін арнайы 4 адам оқытылған. Ақылды робот өз-өзін оттан да сақтай алады. Егер жалын жақындаса немесе ыстық күндері қатты қызса, өзіне су шашып, суытады. Біреге туынды бір күн бойы қуатталып, 8 сағат бойы жұмыс істей алады.
Роботтың салмағы 150 келіге жақындайды. Ол көлікке өзі мініп, өзі түседі. Жоспар бойынша алдағы уақытта тағы да Петропавлда осындай көмекші құлтемір құрастырылуы мүмкін.
Мәдина Қаби