Петропавлда полицейлер мен экологтар бірлескен рейд шарасын өткізуде. Мамандар қоғамдық көліктерден ауаға тарайтын түтіннің мөлшерін тексеруде. Бұл жұмыс республикалық «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілуде.
Петропавлдағы қоғамдық көліктердің соңғы аялдамаларында рейдтік топ арнайы құрал арқылы өлшеулер жүргізді. Егер заңбұзушылықтар анықталса, полиция қызметкерлері автобус иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырады.
ОКСАНА ПОПОВА, Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны штабының бастығы:
— Аталған іс-шара аясында дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктерге назар аударамыз. Олардан шығатын түтін деңгейі нормадан асып кетпеуі қажет. Біз заң аясында осыны алға тартамыз. Жолаушылар тасымалдау бағыттарына жауапты лауазымды тұлғаларды да әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.
Бұзушылықтар тіркелді. Бір күн ішінде экологиялық талаптарға сай келмейтін автобустарды жұмысқа шығарған 2 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоса кетейік, «Тасымалдаушы» іс-шарасының басты мақсаты – жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Байболат Құлтанов