Петропавлда дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі дода 400-ге жуық жас мергеннің басын қосты. Спортшылар 4 нысана бойынша сынға түсті. Олар: жамбы, пута, орта Азия, қалқан. Айта кету керек, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген шараға 10-17 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысты.
Жарыста мерейі үстем болғандардың арасында Адина Ізтелеу де бар. Жамбыл облысынан келген мерген ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ол пута және қалқан нысаналары бойынша басқаларынан оқ бойы озық шықты. Қаршадай қыздың ұлттық спортты жанына серік еткеніне 5 жылға жуықтаған.
АДИНА ІЗТЕЛЕУ, дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы:
— Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында аталған спортты таңдадым. Бұл – менің дүбірлі додалардағы алғашқы жеңісім. Алдағы уақытта қатысатын жарыстарымның барлығында чемпион болғым келеді.
Биылғы жарыстың бір ерекшелігі – қазақи нақыштағы киімде өнер көрсету. Бұл – ұлттық спортты, өнерді дәріптеуге бағытталған қадам. Жарыс барысында тілшілер чемпионаттың бар төрешісі, құралайды көзге атқан мерген Мұхтархан Абағанмен тілдесті. Білікті маман садақ атудың адамға пайдасы жайлы айтып берді.
МҰХТАРХАН АБАҒАН, чемпионаттың бас төрешісі:
— Садақ ату адам денсаулығына өте пайдалы. Қырағылықты, адамның көру қабілетін арттырады. Оған қоса, омыртқаны шынықтырып, түрлі дерттің алдын алуға көмектеседі.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша Ұлытау облысының садақшылары 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Жамбылдық жастар екінші орынды иеленсе, батысқазақстандықтар үздік үштікті түйіндеді.
Байболат Құлтанов