Ауыл шаруашылығы

Өңірдегі элеваторлар астық қабылдауға дайын ба?

Аймақтағы элеваторларда астық қабылдауға дайындық қызу жүріп жатыр. Кейбірі әзірлік жұмысын аяқтады. Мәселен, Аққайың ауданындағы “Смирновский элеватор” серіктестігі маңызды науқанға толығымен дайын. Арна тілшілері жауапты кезең алдында аталған кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұндағы мамандар ырыс дәнін қабылдамас бұрын тексеріске жібереді. Зертханада өнімнің сапасы, ылғалдылығы, дән маңызы анықталады. Серіктестікке көбінесе 3-ші сұрыптағы астық әкелінеді екен.

ВИКТОР ШАТИЛО, “Смирновский элеватор” ЖШС бас инженері, Аққайың ауданы:

— Кәсіпорын 2016 жылы ашылды. Элеватордың сыйымдылығы 40 мың тоннаны құрайды. Облыстың 4 ауданымен жұмыс істейміз. Олар: Аққайың, Есіл, Қызылжар және Тимирязев. Жаңа астықты қабылдау үшін жылда материалдық-техникалық базаны дайындаймыз. Оған мынадай жұмыстар кіреді: технологиялық жабдықтарды жөндеп, автомобиль мен теміржол таразыларын, зертханалық жабдықтар мен қойманың сыйымдылығын тексереміз. Одан қалды, қоймаларды тазартып, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргіземіз.

Серіктестікте 30-дан астам адам еңбек етеді. 10-ға жуық техника бар. Бірақ, кадр тапшылығы сезіледі. “Смирновский элеватор” серіктестігінде 8 сақтау қоймасы құрылған. Сағатына 40 тонна астық кептіруге қауқарлы. Маңызды науқан әлі басталмаса да серіктестік қоймалары 47 пайызға толық. Енді облыстық ақпармен бөлісейік. Облыста 7 млн тоннаға жуық астық сақтауға мүмкіндік бар.

СӘБИТ БОПЫШЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

— Бүгінгі таңда облыста 44 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс атқарады. Олардың жалпы астық сақтау көлемі 3,2 млн тоннаны құрайды. Жаңа өнімді қабылдауға дайындық жүріп жатыр. Орын тапшылығы болмайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өткен жылы облыс элеваторларына 2 млн тоннаға жуық астық жеткізілген екен.

 

Нұрасыл Ахмет