Аптадағы маңызды жаңалықтарТЖ

Оқу-жаттығу: Аққайың ауданында жер сілкінді

Солтүстік Қазақстан облысында “Жер-2025” республикалық-командалық-штабтық оқу жаттығу жиыны басталды. Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында құтқарушылар мен басқа да сала қызметкерлерінің жер сілкінісі кезіндегі дайындығы пысықталды. Мамандардың әзірлігін ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин мен аудан әкімі Жанар Құсайын бағамдады.

Апат айтып келмейді. Кез келген жағдайға дайын болу қажет. Оқу-жаттығуға 50-ге жуық адам мен 20-дан астам техника жұмылдырылды. Оның ішінде өрт сөндіру бөлімшелерінің мамандары, орман шаруашылығы қызметкерлері, медицина мен полиция өкілдері және тағы да басқалар бар.

Алдын ала әзірленген сценарий бойынша ауданда жойқын жер сілкінісі орын алды. Мамандар жылдам қимылдап, дүмпу кезінде зардап шеккен жандарды ауруханаға жеткізді. Ауыр жарақат алғандарға дәрігерлер бірден ота жасады.

Ал өзге төтеншеліктер қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Аққайың ауданында апаттан зардап шеккен жандар үшін эвакопункт құрылды. Тұрақ №1 Смирнов орта мектебінде орналасты. Оған 40 адам сияды. Қосынға жеткізілген жандарға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

Теріскейде жер сілкіну қаупі аса жоғары емес. Көп жағдайда табиғаттың тосын мінезі оңтүстік аймақтарда байқалады. Егер ол жақта қауіп төнсе, солтүстікқазақстандық мамандар көмек қолын созады. Оқу-жаттығу аясында Смирново ауылындағы теміржол тұйығынан Алматы қаласына техникалар мен гуманитарлық жәрдем жөнелту жұмысы да пысықталды.

ДӘУРЕН ТӘУБАЕВ, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

— Бізде жыл сайын үш оқу-жаттығу өтеді. Келесі шара қыркүйек айында Уәлиханов ауданында ұйымдастырылады.

Айта кету керек, “Жер-2025” республикалық-командалық-штабтық оқу жаттығу жиыны 2 күнге жалғасады.

 

Нұрасыл Ахмет