Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жолғы отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде көші-қон саясатын жетілдіре түсу бойынша мәселелер қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. Бұл еліміздің тұруға және жұмыс істеуге деген тартымдылығы қалпына келгенін көрсетеді. Олжас Бектенов жаһандық геосаяси өзгерістер мен миграциялық ағындардың күшеюі жағдайында халықтың көші-қон мәселесі аса маңызды басымдыққа айналып отырғанын атап өтті.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыру керек. Ол үшін нормативтік құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Заңсыз көші-қон, өңіраралық диспропорция және көші-қон ағындарын бірыңғай есепке алудың болмауы сияқты барлық өзекті мәселелер бойынша жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануы тиіс.
Жиында соңғы 2 жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны бір жарым есеге артқанына назар аударылды. Осыған байланысты көші-қон процестерін ашық және дәл есепке алуды қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Премьер-министр ол үшін цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу, мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдету қажеттігін баса айтты.
Байболат Құлтанов