Демалыс күндері Қарағанды қаласында “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің арасында өңірлік жарыс өтті. Дода ХҚКО-ның құрылуының 20 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Сайысқа СҚО, Қарағанды мен Қостанай және Ұлытау облысынан келген командалар қатысты. Олар спорттың бес түрінен: футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат пен арқан тартудан сынға түсті. Теріскейлік мамандар сайыс басталысымен басқаларынан оқ бойы озық болды. Жерлестеріміз жарыс барысында шынайы ерік-жігердің, төзімділік пен өзара түсіністіктің нағыз үлгісін көрсетті. Тіпті, кәсіби спортшылардан кем түспеді. Доданың қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандықтар футбол, волейбол, үстел теннисі мен арқан тарту бойынша тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Тек шахматтан жеңіске сынық сүйем жетпей қалып, екінші орынды иеленді. Айта кету керек, үздік атанған теріскейліктер алдағы уақытта республикалық жарыста бақ сынайтын болады.