“Қыстың қамын жаз ойла” демекші, қаладағы көпқабатты үйлерде жылыту маусымына қызу дайындық жалғасуда. Қазір басқару ұйымдарының төрағалары нысандағы жылу жүйесіне арнайы қондырғымен қысым беру арқылы бүтіндігін тексеріп жатыр.
Қазір жуып-шаю жұмыстары Лесная көшесіндегі тоғыз қабатты үйде жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында жоғары қабаттағы құбырдан су аға бастаған.
ОЛЬГА КОНОВАЛОВА , «СҚО ЛЕСНАЯ 3А» МИБ төрайымы:
— Жуып-шаю шарасын жыл сайын өткізіп тұрамыз. Бұл – аса маңызды процесс. Мұнда жағдай 6 жылдық тәжірибемде алғаш рет орын алып отыр. Апат туралы үйдің иесі дер кезінде хабар берді. Құбырды сантехник қалыпқа келтірді.
Осы орайда үйді басқару ұйымдарының төрағалары құбырды жуып-шаю кезінде үйде кемінде бір ересек адам болуы қажет дейді. Облыс орталығында жылыту маусымына дайындық бір ай бұрын қолға алынған болатын.
ТАЛҒАТ АҚПАРОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:
— Бүгінде қала аумағында 1184 үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Осы орайда мүлік иелерінің бірлестігі төрағаларына тиісті жұмыстарды жылыту маусымы басталғанша дейін тындыру қажеттігін ескертеміз.
Мамандар бүгінге дейін қанша нысанға тиісті құжат берілгенін санаған жоқпыз деді. Белгілісі, қалада күніне 5 үйде жуып-шаю шарасы жүргізіледі.
Ақтолқын Солтанханқызы