Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Брендтік тауар белгілерін пайдалану және алимент төлемеу

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Әділет департаментінің басшысы Естай Рашқалиевтің қатысуымен брифинг өтті. Бұл – мемлекеттік қызметшінің жергілікті журналистермен алғашқы қауышуы. Оралдан келген шенеунік 6 айда атқарылған істі қорытындылады. Орган түрлі бағытта жұмыс жүргізеді. Жарты жылдың ішінде біршама бұзушылық тіркеліпті. Спикер солардың өзектілеріне тоқталды.

ЕСТАЙ ЕЛТАЙҰЛЫ, СҚО әділет департаментінің басшысы:

— Ағымдағы жылдың есептік кезеңінде «APPLE», «iPhone», «ROMANTIK» сияқты брендтік тауар белгілері иелерінің өтініштері негізінде 3 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабына сәйкес (Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердiң атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану) әкімшілік жауапқа тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 353880 теңге. Сомасы 1 165 880 теңгені құрайтын контрафктілік тауарлар тәркіленді.

Көкек әке-шешелермен күрес облыс аумағында әлі де жалғасуда. Бала құқығын қашан да алға тартатын әділет саласы өкілдері биыл қыруар қаржыны өндіріпті. Ақша тиісті тұлғаларға жеткен.

ЕСТАЙ ЕЛТАЙҰЛЫ, СҚО әділет департаментінің басшысы:

— ЖСО өндірісінде 8606 алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу құжаттары бар. Есептік кезеңдегі жұмыстардың нәтижесінде 143 011 174 теңге алимент төлемдері өндірілді. Айта кету керек, сот актілерін орындаудан қасақана жалтару ҚР қылмыстық немесе әкімшілік заңнамаларына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Бұл салада прокуратура, полиция органдарынмен және ЖСО ӨП-мен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мамандар ақшаны күштеп өндіріп қана қоймайды. Жаутаңдаған баланы ойламаған, заңды елемегендер жаза арқалайды. Биыл бірнеше тәртіпсіз теріскейлік сот залына жеткізілген.

ЕСТАЙ ЕЛТАЙҰЛЫ, СҚО әділет департаментінің басшысы:

— 2025 жылдың есептік кезеңінде сот орындаушыларының ұсынымдары негізінде сот үкімімен 8 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша – 7, ҚК 430-бабы бойынша – 1 борышкер. 8 қылмыстық іс тараптардың татуласуымен ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.

Ал әкімшілік жазаға тартылғандар бұдан 10 есеге көп. Өңірде 85 борышкерге айыппұл салынса, 54 адам қамаққа алынған. Айта кету қажет, әкімшілік жауапқа тартылған тұлғалар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,7% немесе 8 іске көбейді.

 

Байболат Құлтанов