Жыл басынан бері өңірімізге 119 отбасы немесе 466 қоныс аударушы және 39 отбасы немесе 66 қандас көшіп келген. Бұл жандарды үймен қамту – билік міндеті. Теріскейді таңдаған адамдарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында үй салынады. Құрылыс жайлы толығырақ айтайық. Бүгінгі күнге дейін өңірде 1110 нысан бой көтерген, оның ағымдағы жылы 15-і қоныс аударушылар мен қандастарға берілді. Сонымен қоса, қаржылай көмек көрсетіледі.
АСЛАН СЫЗДЫҚОВ, Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының міндетін атқарушы:
— Мемлекеттен материалдық көмек ретінде көшіп келген отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде төлем жасалады. Үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды өтеуге ай сайын ақша аударылады, 12 айға 15-30 АЕК мөлшерінде қаржы қарастырылған. Нақтырақ айта кетсек, егер ауылдық жерде тұратын болсаңыз, 58 980 мен 82 572 теңгенің аралығында, ал қалаға көшетін болсаңыз, 78 640 пен 117 960 теңгенің аралығында ақша беріледі.
Сондай-ақ, қоныс аударып келгендер үшін облысымыздың әрбір ауданында 60 га жер телімі тегін, конкурссыз әрі кезексіз жалға беріледі. Аймақта қоныстанушыларды қабылдау жалғасып жатыр. Биыл өңірге 86 отбасы немесе 2969 қоныс аударушы және 44 жанұя немесе 175 қандас көшіп келмек.
Ақтолқын Солтанханқызы