Шілденің 20-сы күні «Саумалкөл – Айыртау» тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алды. Mitsubishi Outlander мен Volkswagen Golf көліктерінің соқтығысуы салдарынан 13 жастағы жолаушы аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ, Volkswagen Golf жүргізушісіне және аталған темір тұлпардың ішіндегі 4 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта тіркелген факті бойынша материалдар жинақталуда. Оның нәтижелері негізінде процессуалдық шешім қабылданады. Осы орайда жалпы статистикаға тоқталайық. Жарты жылда облыс жолдарындағы апат салдарынан 16 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жарақат алған. Тәртіп сақшылары тұлғаларды барлық ережелерді, әсіресе жылдамдық режимін қатаң сақтауға, сондай-ақ көлік құралының техникалық жағдайын ұдайы бақылауға шақырады.