Петропавлда интернет-алаяқтықпен күресудің жаңа тәсілі жеміс беруде. Облыс орталығында бір апта ішінде полиция мен жекеменшік күзет қызметкерлері зейнеткерлердің ақшасын ұрламақ болған бірнеше жағдайдың алдын алды. Нәтижесінде миллиондаған ақша қулардың қалтасына түспеді. Мысалы, бір сауда-ойын-сауық орталығында тәртіп сақшысы банкомат жанында тұрған 74 жастағы әйелді байқап қалады. Оған біреу «банктен» қоңырау шалып, атына кредит рәсімделгенін айтқан. «Кредитті жою үшін» қаражатты «арнайы шотына» аударуды талап еткен. Жедел араласудың арқасында 500 мың теңге аударылмай, сақталып қалды.
Дәл сол күні тағы бір 75 жастағы әйел беймәлім нөмірге 500 мың теңге аударуға әрекеттенген. Алаяқ өзін алдымен ұлымын, кейін немересімен деп таныстырып, шұғыл ақша керектігін айтқан. Зейнеткерді банкомат жанынан күзетші байқап қалып, полицияға хабар берген. Жедел жеткен тәртіп сақшылары азаматшаға оның алаяқпен сөйлесіп жатқанын түсіндіріп, ақшаны аудартпаған.
ҚАНАТ РАМАЗАНОВ, сауда-ойын-сауық орталығы қауіпсіздік қызметінің қызметкері:
— Бір әже келіп, банкоматқа жақындады. Мен сол манда тұр едім, азаматша біреумен телефонмен сөйлесті: «Қайда саламын, қалай саламын? Айтыңызшы» деп жатты. Жақындап, «Ақшаны кімге салып жатырсыз?» деп сұрадым, «Білмеймін» деді. «Қалай білмейсіз? Бұл алаяқтар. Бұлай істеуге болмайды» дедім. Содан соң құқық қорғау органдарына қоңырау шалдым. Полиция келіп, жағдайды анықтады.
Ал үшінші оқиғада егде жастағы ерлі-зайыпты 6 миллион теңгеден айырылып қала жаздады. Оларға да «кредит рәсімделді» деген желеумен хабарласқан. Алаяқтар оларды сендіріп тастағаны соншалық, зейнеткерлер бастапқыда полицейлерге сенбеген. Өкінішке қарай, жерлестеріміз 1,5 миллион теңгені аударып үлгерген, қалған 4,5 млн түсіндіру жұмысынан соң өздерінде қалды. Барлық деректер бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары басталды.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:
— СҚО ПД жаңа жобаны қолға алды. Полиция қызметкерлері мен жеке күзет қызметкерлері банкоматтардағы жағдайды бақылайды. Егер қарт адам келіп, күмәнді іс-әрекет жасаса, бірден тілдеседі. Бір аптаның ішінде бірнеше жерлесімізге көмек көрсетілді. Нәтижесінде 7 миллион теңгеден астам ақша алаяқтарға аударылмады. Бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсетті. Біз оны кеңейтіп, жұмысты күшейтетін боламыз.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға мынаны қатаң ескертеді, зейнет жасындағы туыстарыңызды, таныстарыңызды, көршілеріңізді банкомат алдында жалғыз қалдырмаңыздар. Алаяқтар жиі қолданатын тәсілдерді айтып, түсіндіріп отырыңыздар. Ең басты талап – асықпау, үзіліс жасап, туыстарыңызға, банкке ресми нөмір бойынша немесе бірден «102» арнасына қоңырау шалу.
Байболат Құлтанов