БалаларМәдениет

Теріскейлік талантты жастар Ресейде өткен жаздық лагерьге қатысты

Теріскейлік талантты жастар Ресейде өткен жаздық лагерьге қатысты. Болашақ сахна саңлақтарының басы қосылған жиын шілденің 1-і мен 12-сі аралығында өтті. Лагерьдің алғашқы аптасында білікті мамандар ұл-қыздарға көпшілік алдында өз-өзіңді дұрыс ұстауды үйреткен, дауыс қою бағытында ақыл-кеңес берген. Ал екінші жартысында қатысушылар арасында байқау ұйымдастырылған. 163 адам қатысқан конкурста 2 петропавлдық жасөспірім еліміздің намысын қорғады. Соның бірі –Полина Бернат. Сайыстың өзі 3 кезеңнен тұрыпты. Алғашқы турда өнерпаздар өздері және туған өлкелері туралы театрландырылған нөмір ұсынған.

ПОЛИНА БЕРНАТ, шығармашылық даму студиясының мүшесі:

Сайыстың екінші кезеңінде белгілі бір тапсырмаға сай театрландырылған этюд көрсету керек болды. Ал тапсырма дәл байқау барысында беріледі. Маған наразылық білдіруші жанды көрсету керек болды. Сәл қиынға түсті, ойымды дұрыс жинақтай алмадым, осылайша келесі кезеңге өте алмадым. Жанымдағы досым да жүлдеге ілікпеді.

Дегенмен, Полина Бернат өкінген жоқ. Ол бұл сапардан мол тәжірибе жинақтады, бойында сенімділік пайда болады. Қазір жалынды жастар әртістік шеберлік арттыратын сабақтарға қатысып жүр. Олар биік белестерді бағындырғысы келеді.

АНТОН ШПИГОЦКИЙ, шығармашылық даму студиясының директоры:

Әртістік шеберлік сабағына 60-қа жуық ұл-қыз қатысады. Біз әр баланың қиялына ерік беруге тарысамыз. Түрлі жан-жануар немесе жансыз зат болып, бір-бірімізге шағын қойылымдар көрсетеміз. Мұндай кезде баланың өзін-өзі еркін ұстауы өте маңызды.

Шығармашылық даму студиясына қатысатын ұл-қыздар әртістік шеберліктен бөлек, би, вокал, сурет салу, гитарада ойнау сияқты түрлі бағытта білім алады. Бүгінгі күні бұл жерге 150-ден астам бала келеді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы